Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақтелеком" дивидендтерге 23 млрд теңгеден астам қаржы бөлмек

Еліміздегі ірі телеком-операторы 2023 жылы өз акционерлеріне дивидендтерге төлеуге шоғырландырылған таза кірістің 25%-ын немесе 23 миллиард теңгеден астам қаражат бөлуді жоспарлап отыр. Мұндай ұсынысты "Қазақтелеком" директорлар кеңесі 30 сәуірге жоспарланған акционерлердің жылдық жалпы жиналысының қарауына жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

29 сәуірде қазақстандық қор биржасының алаңында өткізілген дәстүрлі "Эмитент күні" барысында оператордың бас қаржы директоры Людмила Атамұратова осылай деп мәлімдеді.

Атамұратова ханым атап өткендей, кейінгі 2 жылда "Қазақтелеком" еншілес мобильді операторлары – "Кселл" АҚ (Kcell/Activ брендтері) мен "МТ-С" ЖШС (Tele2/Altel брендтері) дивидендтер алмайды. Себебі бұл компаниялар мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ел мен қазақстандықтар үшін ең ірі және ең маңызды 5G байланысы стандартын ашу жобасын іске асырып жатыр. Бұдан басқа, "Қазақтелеком" қызметтердің қолжетімдігі мен сапасын арттыру үшін желілерді дамытуға және жаңғыртуға бағытталған инвестициялық бағдарламаны, оның ішінде "қолжетімді интернет" ұлттық жобасын іске асырады. Компанияның бас қаржы директорының айтуынша, бекітілген дивидендтік саясатта дивидендтердің ең төменгі мөлшері көрсетілген – таза пайданың 15%-ы, алайда 2023 жылғы коэффициент ең төменгі деңгейден 65% немесе 24,79% жоғары.

2023 жылдың қорытындыларына келcек, шоғырландырылған есептілік деректері бойынша "Қазақтелеком" компаниялар тобының кірістері өткен жылы 53,3 млрд теңгеге ұлғайып, 687,8 млрд теңге болды (2022 жылдың қорытындысы бойынша 634,5 млрд теңге). Өсім байланыс сегментінде де, ұялы байланыс сегментінде де кіріс артқанын көрсетіп тұр. EBITDA көрсеткіші 4,3%-ға жақсарды, ал оның кірістілігі 43,3% болды. 2023 жылғы таза пайда – 104,4 млрд теңге. Людмила Атамұратованың айтуынша, мұндай қаржылық көрсеткіштерге бесінші буын байланыс стандартын қолдану, клиенттердің ескірген ADSL технологиясынан GPON-ға көшуі және тағы басқа ірі жобаларды іске асыру арқылы қол жеткен. 

"Шынында да, 2023 жылы компаниялар тобының шығындары айтарлықтай өсіп, 375 млрд теңгеге немесе кірістің 55%-на жетті (2022 жылмен салыстырғанда 3 есе көп). Бұл – бұрын-соңды болмаған жоғары деңгей. Мұндай көрсеткішке компания мен телеком-нарық үшін аса маңызды жоба ғана емес, сонымен қатар, цифрлық Қазақстанның даму драйвері – 5G жобасы да елеулі үлес қосты. Сонымен қатар біз компаниялар тобы бойынша персоналға және еңбекақы төлеу қорына жұмсалатын шығындарды 2023 жылы 125 млрд теңгеден 146 млрд теңгеге дейін 16,8%-ға арттырдық", – деді Людмила Атамұратова эмитент күніне қатысушының сұрағына жауап бере отырып.

Сондай-ақ конференцияда компаниялар тобының мобильді операторларының бірі – "MT-C" компаниясын Қатардың Power International Holding холдингіне сату мәселесі қозғалды, бұл туралы биыл ақпан айында үшжақты келісімге қол қойылды. Эмитент аясында журналист осы мәміленің егжей-тегжейіне, атап айтқанда, сатып алушыға қойылатын талаптарға қызығушылық танытты, өйткені "МТ-С" елдегі бесінші буын желісін салу жөніндегі консорциумның екі қатысушысының бірі.

"Ұялы байланыс операторы үшін 5G жиіліктерінің стратегиялық маңызын, сондай-ақ олар үшін төленген қаражатты және оларды сақтау үшін лицензиялық міндеттемелерді орындау қажетін ескере отырып, инвестор 5G желісін орналастыру жөніндегі жобаны одан әрі іске асыруға мүдделі болады деп болжаймыз. Бұдан басқа заңнама талаптарына сәйкес әлеуетті мәмілені аяқтау үшін монополияға қарсы орган – бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің келісімін алу талап етіледі ", – деп атап өтті "Қазақтелеком" АҚ бас қаржы директоры.

Естеріңізге сала кетейік, "Қазақтелеком" телекоммуникацияның ішкі нарығының барлық сегменттерінде – тіркелген телефония, интернетке кең қолжетімділік, ұялы байланыс, ақылы телевизия және IT-өнімдер саласында қызметтер мен сервистердің кең спектрін ұсына отырып, Қазақстанның телекоммуникациялық нарығының сөзсіз көшбасшысы саналады. Компанияның бәсекелестік артықшылығы – дамыған және қуатты инфрақұрылым. Бұл инфрақұрылым компаниялар тобына 1,9 миллион абонентке, ұялы байланыс сегментіндегі 14,5 миллионнан астам абонентке сапалы қызмет көрсетуге және ақылы телевизияға 1 миллионнан астам қосылу нүктелеріне қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін еліміздің ірі телеком-операторы "Қазақтелеком" су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек ретінде 1 миллиард теңге аударды. Одан бөлек, компания табиғат апаты болған аймақтарда үздіксіз байланысты қамтамасыз етуге күш салып жатыр. Қызметкерлер де құтқару жұмыстарына көмектесуде. 

Талқылау